Бекболат Тілеухан: Мораторий мен комиссия үшін Елбасыға алғыс білдіреміз
Астанада өтіп жатқан жер комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Бекболат Тілеухан мораторийді ұзарту туралы бастаманы қолдайтынын айтты
«Осындай маңызды мәселені шешу үшін құрылған комиссия мен жарияланған мораторий үшін Елбасыға алғыс айту керек. Жер мен елдің тағдыры шығарылғандықтан ешкім тыс қалған жоқ. Комиссияның әрбір мүшесі жанын салып жұмыс істеді. Сындарлы сұхбат орнады. Бұл мәселені бір сәтте түбегейлі шеше салу мүмкін емес, ол жүйелі түрде шешуді талап етеді. Біз халықпен санасып, олардың ұсыныстарына қанықтық. Негізгі мәселе жердің сатылуы мен шетелдіктерге жалға берілуіне байланысты мораторийді созуды ұсындық. Енді асықпай, осы бағытта кешенді жұмыс жүргізуіміз керек, - деген ол мораторий созылған жағдайда комиссия жұмысын тоқтатып, құзырлы министрліктің жұмысын күшейтуді ұсынды.
Бүгін Жер комиссиясы отырысында жерді сату мен шетелдіктерге жалға беруге жарияланған мораторийді бес жылға созу ұсынылды.